Тұйықтау ем. Айтпаушы едім көпке сыр,
Достарымнан тиді (ұқтым) көп кесір.
Мен ренжітпеуге тырысатын адамдар,
Неге маған өкпешіл...
Арайлы атпай тірлігімнің ақ таңы,
Жоқ мейірім..Жаныма сол батқаны...
Мен ылғи да мақтап жүрген адамдар,
Неге мені даттады...
Жасқанғаннан жылап алғым кеп кетті,
(Тексіздерім шыға келді боп текті.)
Мен жаныма жақын тартқан адамдар,
Неге мені шеттетті...
Ескермей-ақ күн кешемін сынақты.
Сенгендерім биігімнен құлатты...
Мен қуантсам деп жүретін адамдар,
Неге мені жылатты...
Өмір сүрсем деп ем ерек екпінмен,
Адам үшін көңілде жоқ кек мүлдем...
Танысыма алыс болып содан соң,
Бейтанысқа жақын болып кеттім мен.
Сүрінбейін! Сүрінсем кім демейді?
Жалғыз өлең өмір құнын төлейді.
Бағынуға тұрмайтұғын тағдырда,
Сағынуға тұрмайтындар көбейді.
Кетер ме едім қия жақты мекендеп,
Ар алдында қарыз қалай өтелмек?!
Ештеңені көп ойлайтын боп алдым,
Ешкім мені сұрамаса екен деп..
Қиялыммен санамды кеп алдаймын,
Күн кешпедім көңіліме алмай мұң.
Бәрі шындық іздеп жүрген заманда,
Мен біреуге шындық айта алмаймын.
Өлең-дәрі, жан дертімді жүр емдеп,
Өзім жайлы мен мынаны білем тек:
Ойламаппын бес ақ күнгі жалғанды,
Жалған күліп сүрем деп...
Байғұс дейді. Бәлкім босқа түнерем.
Өледі өмір...Өлмейтін тек бір ӨЛЕҢ.
Бір білерім:бар ғаламды жылатып,
Мен әйтеуір өлең өлген күні өлем!
Пы/сы
Ақымақпын жоқ ойларды бағамдар,
(Азды пенде, азды сосын заман дәл!)
Мені босқа жылатпаңдар, жақсылар,
Мені босқа мұңайтпаңдар, адамдар!!
Бәрі жақсы...
Жұлдыз Молдағалиева