Аталы сөз
Сырым әңгімелері
Бірде алыс сапардан үй ішін сағынып келе жатып ауылына жақындағанда, Сырым жолдастарына: - Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық, - дейді. Сонда жолдастары Сырымға естіртпеген болып әжуалап: - Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай сұлуына асығып келеді екен? - депті. Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сыры: - Жігіттер, әйелді әйел деп қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күй бітпейді.
Қойды қой деп қорсынбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді.
Әркімнің мінген аты - өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген әйелі - өзіне сұңқар, - деп желе жөнеліпті.
* * *
Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып: - Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді? - дейді. - Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық, - деп жөніне жүре беріпті.
* * *
Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде: "Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың", - депті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре береді. Сонда Нұралы: - Батыр, бұрылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! - депті. Сонда Сырым: - Хан, тасып жүргенім жоқ, қара қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, - депті.
* * *
Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге түседі, бойжеткен қызды сынау үшін сөзбен қағытады. Сырым:
Мынау үйдің мінсізін-ай,
Тек шаңырағы шалқақтау екен, - десе.
Қыз:
Шаңырағы шалқақ болғанымен,
Түтіні тура шығады, мырза, - депті.