Жындының айтқаны емес сандырағы келеді! Қателеспесем осыдан 2 жыл бұрын-ау деймін Қазақстан мұсылмандар одағының басшысы Мұрат Телібеков мырза интимдік салаға салық салудың жаңа жүйесін ойластырып қойғанын айтып айды аспанға бір-ақ шығарғаны бар еді. Оның жүйесі бойынша заңды некедегі әр отбасы 1 жыныстық қатынас үшін 584 теңге төлеуге міндетті. Азаматтық некедегілерге салық 748 теңгені құрайтын болады. Некесіз жыныстық қатынас – 1893 теңге. Гейлер мен лесбилердің жыныстық қатынасы – 2741 теңге. Дәстүрлі емес жыныстық қатынас – 4892 теңге және ол 14 минуттан аспау қажет. Ал егер қазақ тілін білетін болсаңыз онда 50 пайыз "скидка". Күлмеңіз, қызықтың көкесі әлда: полицейлер тұрғындардың сексуалдық өмірін бақылауға алу үшін үйлеріне ескертусіз кез келген уақытта кіріп, тексеріс жүргізу құқығын иеленуі тиіс екен. Ал егер заңды белден бассаңыз 500 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелесіз немесе қоғамдық жұмыстарға жегілесіз. Қазақтар "қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым" деуші ме еді әлгі!? Оқып отырып "...әй, қайдам, онсызда жұмыстары бастарынан асып жатқан құқық қорғаушыларға енді әр есікті қағып, тіміскілеу қалып еді", - деп жәй ғана мырс еткем. Кейін тынышталып қалған тұғын. Сөйтсем бұл дауыл алдындағы тыныштық екен ғой. Араға 2 жыл салып әлгі әпендінің "полиция үйлерді тексеру керек" дегені айдай келді. Бұл жолы сіздің жатын бөлмеңізді емес, өзіңізді "сіз кімсіз, осы үйдің иесісіз бе, әлде, қонақсыз ба, қонақ болсаңыз қашан келдіңіз, қашан қайтасыз, әзірге қайтпайтын болсаңыз неге тіркелмегенсіз?" деген сынды сұрақтардың астына алуы мүмкін. Мүмкін емес, алады да! Өзге қаладағы немересін сағынып, бір иіскеп қайту үшін екі аптаға қонаққа кетіп бара жатқан ата-әжелеріңізге: "мәгәзіндеріңіз ешқайда қашпайды, жүгірмектеріңізге тәтті-мәттілеріңізді сосын аласыздар, ХҚКО-ға барып тіркеліп алыңдар алдымен" деуді ұмытпаңыздар! P.S. Айтпақшы көршілеріңізбен арада кикілжің орын алған болса немесе қайтармай жүрген қарыз-мүліктеріңіз болса тез арада шешімін оңтайландырыңыз! Неге екенін естіген де шығарсыздар! Рафxат Жұмабай

Теги:

Теги других блогов: